Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан 19 және 23 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатында Владислав Саможонов Қазақстан құрамасы сапынан екінші алтынды жеңіп алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
U-19 жас санатындағы +90 келі салмақ дәрежесінің финалында Саможонов Өзбекстан боксшысы Ислам Салиховпен қолғап түйістірді.
Тартысты өткен жекпе-жек қорытындысында қазақстандық боксшы төрешілердің бөлек шешімімен жеңіске жетті - 3:2. Осылай ауыр салмақтағы қазақстандық Азия чемпионы атанды.
Бұған дейін құрлық біріншілігінде Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасында өткен екі финалда Тимур Тайбеков (80 келі) пен Руслан Ахметов (85 келі) алтын жүлдеге қол жеткізе алмаған болатын.
Ал U-19 санатындағы 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бибарыс Әшірбай чемпион атанып, Қазақстан қоржынына алғашқы алтын жүлдені салған еді.
Бүгін, 16 шілдеде, Джакартадағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының тағы жеті боксшысы финалдық жекпе-жегін өткізеді.
Жарнама