Вагнер Лавтың "Қайратта" қанша жалақы алатыны белгілі болды

Вагнер Лав. Сурет Reuters©️
36 жастағы бразилиялық шабуылшы Вагнер Лав ЦСКА сапына не үшін бармағаны анықталды. Meta-ratings.kz порталының мәліметі бойынша, мәскеулік клуб футболшының агентіне сыйақы төлеуден бас тартыпты. 

Шабуылшының агенті клубтан 200-300 мың еуро сұраған екен. Клубтың бұл ақшаны төлемегісі келмегеніне байланысты Лав "Қайратқа" ауысқан. 

Ал алматылық клуб болса агенттің талап еткен ақшасын берген. Сонымен қатар шабуылшының өзіне ЦСКА ұсынған айлықпен бірдей жалақыға келіскен. Қазір қолда бар мәліметтер бойынша, Лавтің айлығы шамамен 800 мың еуро. 

36 жастағы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласының тумасы 2004-2012 жылдар аралығында ЦСКА-ның сапында жасындай жарқырағаны барша жанкүйердің жадынды. Сол кездері мәскеулік ұжым Ресей чемпионатында үш мәрте топ жарды. Ел кубогын алты және супер кубогын төрт реттен иеленді. 2005 жылы УЕФА кубогын олжалады. ЦСКА-ның осындай зор табысқа жетуіне Лавтың қосқан үлесі орасан зор екені даусыз.

Одан бөлек, ол Бразилияның "Палмейрас" (2002-04, 2009-10), "Фламенго" (2010, 2012-13), "Коринтинас" (2015-16, 2019-20), Қытайдың "Шаньдун Лунэн" (2013-15), Францияның "Монако" (2016), Түркияның "Аланияспор" (2016-18) мен "Бешикташ" (2018-19) клубтарында ойнады. Бұл біріншіліктердің барлығында да Оңтүстік Американың оғыланы өзін жақсы қырынан көрсете білді.

2003 жылы Бразилияның жастар құрамасы сапында бес кездесу өткізген Вагнер Лав төрт рет нысананы дәл көздеді. 2004-07 жылдар аралығында ұлттық команданың жейдесін киді. Сол аралықта 20 рет жасыл алаңға шығып, төрт голдың авторы атанды.



Жаңалықтар