Қазақстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы Тілешев "Ақтөбеге" қайта оралды

Мұрат Тілешев. Сурет "Ақтөбе" сайтынан алынды.
Қазақстандық бірнеше клубтардың намысын қорғаған, Қазақстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы 40 жастағы Мұрат Тілешев "Ақтөбе" командасының спорт директоры атанды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлап отыр. 

Футболшы карьерасы Тілешев 2016 жылы дәл осы "Ақтөбе" командасының сапында аяқтады. Содан соң ҚФФ-да жұмыс істеп, "Астана" мен "Шахтер" командаларының спорт директоры болды. 

Тілешев футболдан Қазақстан біріншілігі тарихындағы екінші үздік сұрмерген. Оның еншісінде 148 гол бар. Жалпы шабуылшы карьерасын 1998 жылы "Тараз" командасында бастаған. Содан соң "Шахтер", "Астана", "Ордабасы", "Жетісу" және "Атырау" командалары сапында өнер көрсеткен. 

"Ақтөбе" сапында ол үш рет ойнаған. Ең сәттісі 2009 және 2010 жылғы маусым болды.

"Мұрат екі рет Қазақстан біріншілігінің үздік сұрмергені болды. Оның АЗ қақпасына соққан голы әлі де ақтөбелік жанкүйерлердің есінде. 

"Ақтөбе" командасы Мұратты команда қатарына қосылуымен шын жүректен құттықтайды. Оның тәжірибесі біздің командаға талай жарқын жеңістерге жетуге көмектеседі деп сенеміз", - делінген клуб таратқан хатта. 


Метки:
Жаңалықтар