Жеті мың доллар талап етті. "Атыраудың" бұрынғы бапкері беларуссиялық клубпен келісе алмады

Олег Дулуб. Сурет "Атырау" клубының ресми сайтынан алынды.
"Атырау" футбол клубының бұрынғы жаттықтырушысы Олег Дулуб "Минкс" футбол клубымен келісімге келе алмады. "Родны футбол. Футбол Беларусi" Telegram каналының мәліметі бойынша, бапкер тым көп жалақы талап етіпті. 

"Олег Дулуб "Минск" командасының тізгінін ұстауы мүмкін еді. Бірақ екі тарап қаржылық мәселеге байланысты келісімге келе алмапты. Дулуб "Минск" клубының үш жылдық келісімшарт және айына жеті мың доллар жалақы талап етіпті. Клубтың қазіргі бапкерінің жалақысы шамамен екі мың доллардай", - дейді дереккөз. 

Мамыр айында бұл маманың "Крумкачы" клубының бапкерлер қосынына кіргені белгілі болған еді. Бұл командада Дулуб бас бапкердің көмекшісі болуы керек еді. 

Еске салайық, 54 жастағы Дулуб "Атырау" клубын 2019 жылдың мамыр және қыркүйек айларында жаттықтырған. Батысқазақстандық команданы бапкер Қазақстан кубогінің финалына алып шықты. Ал оған дейін Беларусь біріншілігінде минскілік "Динамо" мен БАТЭ клубтарын, украинада "Карпаты" және "Черноморец" ұжымдарын жаттықтырған. 




Метки: