Жастар арасында әлем чемпионы қазақстандық клубта ойнамақ

Сурет "Шахтер" клубының сайтынан алынды.

Қарағандылық "Шахтердің" сапынан жақында ғана кеткен нигериялық қорғаушы Алию Абубакар басқа бір қазақстандық клубқа ауысады. Бұл туралы футболшының агенті Дмитрий Селюк Vesti.kz порталының тілшісіне айтып берді. 

"Бүгін қазақстандық клубтардың бірі Абубакармен келісімшарт жасағанын хабарлауы мүмкін. Менің ойымша ол мықты ойыншы. Әлем чемпионатында топ жарған. 

"Шахтермен" еш қиындықсыз қоштастық. Қарағандылықтардың орталық қорғаушылары жарақаттарынан жазылып шықты. Әуелде біз клубпен жазға дейін келісімшарт жасаған едік. Кейін мен оны Ресей біріншілігіне көшіріп алғым келген. Бірақ пандемия болып қалды. Қазір елден кету қиын. Сондықтан ол Қазақстанда қалды. 

Ол жаңа командасына көмектесе алатынына сенімдімін. Ал "Шахтер" болса қорғаушыны жібергеніне өкіп қалуы мүмкін. Бірақ мен оларды да түсінемін. Ол командада Абубакардың позициясында ойнайтын бес футболшы бар", - деді Селюк. 

Айта кетейік, 23 жастағы Абубакар Қазақстанға 2020 жылдың қаңтар айында келді. Ол Қазақстан біріншілігінде "Шахтер" сапында бір ғана кездесу өткізіп үлгерді. 

Қазақстанға келерге дейін ол украиналық "Олимпик", беларуссиялық "Слуцк", финляндиялық "Кеми" және "КуПС", грузиялық "Дила Гори", тунистік "Бизертин" және израильдік "Ашдод" командалардында ойнаған. 2013 жылы қорғаушы 17 жасқа дейінгі Нигерия жасөспірімдер құрамасымен бірге әлем чемпионатын жеңген. 


 

Метки:
Жаңалықтар