Жанкүйерлерден жігер алған "Ордабасы" сырт алаңда "Астананы" жеңіп кетті

Сурет "Ордабасы" сайтынан алынды.

Елордалық "Астана" командасы футболдан Қазақстан чемпионатының биылғы маусымында бірінші рет жеңілді, деп хабарлайды Vesti.kz порталы. 

Турнир кестесінің көш басында келе жатқан Андрей Тихоновтің тәлімгерлері 17-ші турда Нұр-Сұлтан қаласында "Ордабасыны" қабылдап, 0:2 есебімен жеңілді. 

Шымкенттік команда екі голды да бірінші таймда соқты.

22-ші минутта Бағдат Қайыров есепті ашса, 24-ші минутта Жоао Пауло есепті еселеді. 

Бұл ойында ұпай жоғалтқанына қарамастан "Астана" командасы турнир кестесінде әзірше бірінші орында тұр. Бірақ астаналықтарға ертең "Тобыл" командасы жетіп алуы мүмкін. Қостанайлық ұжым ертең сырт алаңда "Қайсарға" қарсы кездесу өткізеді. 

Ал "Ордабасы" болса бесінші орынға көтерілді. Команданың еншісінде 24 ұпай бар. 

Еске салайық, бұл кездесудің алдында "Ордабасы" ойыншылары жанкүйерлермен кездесіп, біраз шағым естіген болатын. "Астанамен" болатын ойынның алдында команда тіпті капитанын да ауыстырды. 

 

Метки:
Жаңалықтар