"Ертістің" бұрынғы бас бапкері клубтың не үшін жабылғанын айтты

Сурет "Ертістің" сайтынан алынды.
Павлодарлық "Ертістің" бұрынғы бас бапкері Милан Миланович команданың орындалмай қалған жоспарлары мен облыс басшылығында ауыс-түйістер туралы айтып беді, деп жазады KazFootball.kz порталы "Спортски Журнал" басылымына сілтеме жасап. 

- Өкінішті. Бізде жақсы команда болған. Көктемде төрт ресейлік футболшы келді. Біз жақсы ойын көрсете алатын едік. 

Коронавирусқа байланысты тоқтап қалған біріншіліктің басталуын күтіп жатқан кезімізде облыс басшылары ауысты. Осыған байланысты клубтың жетекшілері де алмасты. Сол үшін де "Ертіс" біріншіліктен шығып қалды. 

Үлкен жетістіктерге жетуге болатын еді. Бірақ оған ақша кедергі болы. Биылғы маусымда біз Еуропа лигасының жолдамасына таласуға шамамыз бар еді. Өткен маусымда "Астана" мен "Қайрат" секілді командаларды жеңдік. Бұл маусымда мықты команда жасауға қауқарымыз болатын. Алайда үмітіміз ақталмады. 

- Облыс әкімі "Ертісті" қолдады ма? 

- Жаңадан келген басшы спортқа мүлдем қызықпайды. Ол тек "Ертіске" ғана ақша бөлуді тоқтатқан жоқ. Сонымен қатар мұнда футболға қарағанда танымал саналатын хоккейге де ақша бөлуді қойды. Волейбол командасымен не болатынын білмеймін. Қазірге олар дайындалып жатыр. 

Жаңа басшылар "Ертіс" чемпионаттан шығады деп шешті. Клуб жабылған жоқ. Ресми түрде команда әлі бар. Дегенмен қайда өнер көрсететіні әлі белгісіз. Егер барлығы ереже бойынша орындалатын болса, екінші лигаға түседі. Бір айта кететін дүние бар. Клуб тек екінші лигаға түсіп қалмайды. Ереже бойынша ол екі жыл Премьер-лигаға да орала алмайды. 

Еске салайық, "Ертіс" ел біріншілігінен шығатынын 30 мамыр күні айтқан тұғын. Оған қаржы себеп болды. Клуб демеушісінен айырылып, легионерлерге жалақы бере алмайтынын айтты. 





Жаңалықтар