"Астананың" орталық қорғаушысы испаниялық клубқа ауысатын болды

Сурет "Астана" сайтынан алынды.

Испаниялық "Portal Cadista" сайты "Астана" мен Армения құрамасының қорғаушысы Вараздат Ароянның "Кадиске" ауысатыны туралы хабарлады.

"Клуб президенті Испания чемпионатында әлі ойнамаған футболшымен келісімнің бар екенін растады. Сыбыстар көп болды, бірақ қазір ол ойыншының аты белгілі - Вараздат Ароян, 28 жастағы армениялық орталық қорғаушы. Мұны армениялық журналист Храч Хачатрян да растады.

Ароян Армения ұлттық құрамасының барлық жастағы командаларында өнер көрсетті және осы уақытқа дейін 58 матч өткізіп, 3 гол соқты.

Шындығында, қазір Армения құрамасын "Кадис" президенті Мануэль Вискаиноның жақын досы Хоакин Капаррос жаттықтырады және ол бапкер қорғаушы туралы анықтама беруге үлес қосуы мүмкін", - деп жазады испаниялық ақпарат көзі.

Естеріңізге сала кетейік, Вараздат Ароян "Астанаға" биыл ақпан айында ауысып келген болатын. Ол елордалық команда сапында 10 матч өткізді (Суперкубокті қосқанда) және 1 нәтижелі пас берді. Армениялық қорғаушының "Астанамен" келісімшарты 2021 жылдың соңына дейін жарамды.

Метки:
Жаңалықтар