Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) екінші орта салмақтағы WBC чемпионы, мексикалық Сауль Канело Альвареспен (64-3-2, 39 KO) жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Әлімханұлы Канеломен жұдырықтасқысы келеді
Қазақстандық боксшы бұл жекпе-жек оны қызықтыратынын, алайда, мексикалық боксшының командасы бұл ұсынысқа келісім береді деп ойламайтынын жеткізді.
"Бұл жекпе-жекті асыға күтіп жүрмін! Канело мені біледі, оның командасы да мені жақсы таниды. Олардың әлемдегі ең үздік боксшымен жұдырықтасуға келісетініне сенбеймін. Бірақ келісе қалса, бұл жекпе-жекті бүкіл әлем тамашалайды", - деп жазды Әлімханұлы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
1 қарашада Альварес франциялық Кристиан Мбиллиді (29-1-1, 24 KO) жеңіп, екінші орта салмақта WBC чемпионы атағын иеленді.
Әлімханұлының келесі қарсыласы Бэнк болады
Қаңтарда қазақстандық боксшы жеңіліп көрмеген даниялық Якоб Бэнкпен (20-0, 11 KO) кездесуі керек. Бұл жекпе-жекте суперорта дивизиондағы WBO белбеу сарапқа салынады.
Бұған дейін де Әлімханұлы Бэнкпен жекпе-жектен кейін, 2027 жылдың мамырында Альварес пен Мбилли арасындағы кездесудің жеңімпазымен жұдырықтасқысы келетінін айтқан болатын.
Сондай-ақ бұған дейін мексикалық боксшының бапкері әрі менеджері Эдди Рейносо Әлімханұлын Канелоның 2027 жылға жоспарланған ықтимал қарсыластарының қысқа тізіміне қосқан еді.
Жарнама