Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов Астанада өтіп жатқан бокстан Әлем кубогі кезеңіндегі алғашқы айқаста басым болғанына қарамастан жарыстан шығып қалды, деп хабарлайды Vesti.kz.
70 келіге дейінгі салмақтағы жекпе-жек
Абылайхан Жүсіпов қырғызстандық Алмаз Орозбековпен кездесіп, алғашқы екі раундта ұпай санымен алда келе жатқан болатын. Алайда, барлығы бір сәтте өзгеріп кетті.
Раундтар арасындағы үзіліс кезінде Жүсіповтің жарылған қасы қайта ашылып, ол дәрігерлер көмегіне жүгінді. Дәрігерлер мен төрешілердің кеңесінен кейін жекпе-жек тоқтатылды. Нәтижесінде, жарыс ережесіне сәйкес, жеңіс қарсыласқа берілді.
Tengri Sport журналисі осы жағдайға байланысты түсініктеме алу үшін Қазақстан бокс федерациясына хабарласты. Федерация мамандарының айтуынша, егер боксшы жекпе-жек барысында дәрігерге екі немесе одан да көп рет жүгінсе, тіпті ұпай бойынша алда болса да, жекпе-жек тоқтатылып, жеңіс қарсыласқа беріледі.
Қазақстан бокс федерациясының түсіндіруі бойынша:
"Абылайхан Жүсіпов алғашқы раундта қырғызстандық Алмаз Орозбековпен жұдырықтасты. Жүсіпов екі раундта жеңіске жетті. Алайда үшінші раундта ол қабағынан жарақат алып, жекпе-жек тоқтатылды. Кейін төрешілердің ортақ шешімімен Алмаз Орозбеков келесі кезеңге өтті. Осылайша, Абылайхан Жүсіпов үшін Әлем кубогі аяқталды", - деп мәлімдеді федерацияның баспасөз қызметі.
Федерация бұл шешімнің ереже бойынша қабылданғанын нақтылап өтті:
"Егер боксшы алғаш рет дәрігерге жүгініп, дәрігер жекпе-жекті жалғастыруға рұқсат бермесе, сол сәтте ұпай бойынша алда тұрған боксшы жеңімпаз деп танылады. Бірақ екінші рет немесе медициналық көмекке одан да артық жүгінсе – жеңіс автоматты түрде қарсыласқа RSC-I (дәрігердің шешімімен тоқтау) шешімімен беріледі", – деп жауап берді федерация Tengri Sport тілшісіне.
Жарнама