Бокстан Бразилияда өтіп жатқан Әлем кубогының үшінші жарыс күні аяқталды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ерлер арасында Диас Молжігітов пен Даниал Сәбит жеңісті жолдарын жалғап, ширек финалға шықты.
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі 1/8 финалда Диас Молжігітов аустралиялық Марлон Севехонмен жұдырықтасты. Жекпе-жек қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен (4:1) жеңіске жетті. Отандасымыз 1/16 финалда жапон спортшысы Каи Тореябені техникалық нокаутпен жеңген болатын.
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Даниял Сәбит 12 дүркін Венгрия чемпионы Иштван Шзакамен кездесті.
Алғашқы раундта венгриялық боксшы төрешілердің бірауыздан шешімімен (5:0) басым түсті. Дегенмен жекпе-жек барысында қазақстандық спортшы қарқынын үдетіп, басымдықты өз қолына алды. Нәтижесінде тартысты айқаста 3:2 есебімен жігерлі жеңіске жетті.
Сондай-ақ әйелдер арасында түнгі сессияда шаршы алаңға шыққан Наталья Богданова (70 келі) Олимпиада чемпионы Бусеназ Сюрменелиге (Түркия) жол берді.
Айта кетейік, үшінші жарыс күннің күндізгі сессиясында Назым Қызайбай жеңіліс тапса, Фарух Тоқтасынов жапон боксшысы Сэнди Оказаваны жарыс жолынан шығарған болатын.
Жарнама