WTA
12 қазан 2020 14:52

Қазақстанның бірінші ракеткасы әлемдік рейтингте бір саты төмен түсті

Елена Рыбакина. Сурет: РИА Новости©
Күні кеше ғана Парижде өткен Ролан Гаррос турнирі аяқталған бетте теннисшілердің әлемдік рейтингі қайта жаңарды.

Әйелдер арасында аустралиялық Эшли Барти (8717 ұпай) әлі де жеке-дара көш бастап тұр. Екінші және үшінші орындарды румыниялық Симона Халеп (7255) пен жапониялық Наоми Осака (5780) иеленуде.

Сондай-ақ, америкалық София Кенин (5760), украиналық Элина Свитолина (5260), чехиялық Каролина Плишкова (5205), канадалық Бьянка Ванесса Андрееску  (4555), Чехияның тағы бір өкілі Петра Квитова (4516), нидерландтық Кики Бертенс (4505) және АҚШ әйгілі ойыншысы Серена Уильямс (4080) үздік ондықтың қатарына еніп отыр.

Ал, биылғы турнирде айды аспанға шығарып, Ролан Гарростың жеңімпазы атанған 19 жастағы Польшаның жас жұлдызы Ига Свёнтек (2960) қазіргі кезде 17 орынға табан тіреді. Оған дейін ол 54 сатыға тұрақтаған еді. 

WTA рейтингінде қазақстандық теннисшілер арасында ең үздік көрсеткіш Елена Рыбакинаға (2696) тиесілі. Ол 19 орынды иеленуде. Юлия Путинцева (2015) 27 сатыға жайғасса, Зарина Диас (928) 79 орынды еншілеуде.