Токио Олимпиадасында Қазақстан ұлттық құрамасының намысын алты дзюдошы қорғайды. Халықаралық дзюдо федерациясы олимпиадалық рейтингке сәйкес күншығыс еліндегі төртжылдықтың басты додасына жолдама алған татами шеберлерінің тізімін жариялады деп хабарлайды Vesti.kz.
Аталмыш рейтингте алты бірдей отандасымыз лицензиаттар қатарына енген. Олардың арасында 60 келіге дейінгілер арасында Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев, 66 келі салмақта Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмақанов, 73 келіде Жансай Смағұлов, 90 келіге дейінгі бәсекеде Ислам Бозбаев, әйелдер арасында 48 келіде Отгонцэцэг Галбадрахтар бар. Сонымен қатар, 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дидар Хамзаға құрлықтық квота беріліп отыр.
Олимпиадалық рейтинг 2018 жылдың 25 мамырында ұйымдастырылған турнирден бастап биылғы жылы маусымда Венгриядағы турнирге дейінгі жарыстарды қоса алғанда есептелінген. Бұл ретте отандастарымыздың арасында ең көп ұпай жинаған спортшы ғана Жазғы ойындарға баратын мүмкіндікке ие болады. Салыстырмалы түрде 66 келіде Ерлан Серікжанов негізгі тізімде болса, сол салмақта Елдос Жұмақанов қосалқы тізімге еніп отыр. Осы орайда бапкерлік штаб XXXII Жазғы ойындарға баратын дзюдошылардың толыққанды тізімін жақын күндері жариялайтын болады.