Тарихи көрсеткішке жеткен Ризабек Айтмұхан олимпиадалық салмаққа ауысты
Еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Мадияр Құрамысов балуандардың биылғы маусымдағы көрсеткішін қорытындылап, құрамадағы өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Olympic.kz.
Еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Мадияр Құрамысов балуандардың биылғы маусымдағы көрсеткішін қорытындылап, құрамадағы өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Olympic.kz.
Биыл отандық еркін күрес шеберлері Азия чемпионаты, әлем біріншілігі мен Азия ойындары сынды ірі бәсекелерде бақ сынаған болатын.
«Әлем чемпионатынан бір алтын, бір қоламен оралдық. Ризабек Айтмұханның араға жылдар салып, тарихты жаңартқанын білесіздер. Азамат Дәулетбеков қола медальмен бірге, Олимпиада ойындарының лицензиясын жеңіп алды. Бізге әлі де жолдама керек. Жылдың соңғы жаттығу жиынын балуандар тауда өткізеді. 18 күн бойы тауда жаттығамыз. Жаңа жылда жаңа жарыстар күтіп тұр», - деді бас бапкер.
Мадияр Құрамысовтың айтуынша, алдағы маусым өте жауапты болмақ.
«Сәуір айында Қырғызстан астанасы Бішкекте Азия аймақтық лицензиялық турнирі өтеді. Сол бәсекеде тағы да екі жолдама жеңіп алуды мақсат етіп отырмыз. Біздің балуандар үшін 57 және 65 келіде лицензия алу қиын болмақ. Себебі, бұл салмақтағы бәсекелестік әлем бойынша өте жоғары. Аталған турнирге үлкен дайындықпен баруды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, рейтингілік турнирлер мен Қазақстан чемпионаты да бар», - деді Құрамысов.
Қаңтар айында Астанада өтетін Қазақстан біріншілігінде лицензиялық турнирге қатысатын балуандар белгілі болмақ. Сол сында әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның да жаңа салмақтағы әуселесі анықталады.
«Ризабек олимпиадалық салмақ саналатын 97 келіге ауысты. Қазіргі таңда Азамат Дәулетбековпен бірге Осетияда жаттығып жатыр. Бұл салмақта Әлішер Ерғали сынды балуанымыз барын да білесіздер. Кім мықты екені ұлттық чемпионатта шешіледі. Сол бәсекеде кім жеңсе, лицензияға сол таласады», - деп қорытындылады сөзін бас бапкер.
Жарнама