10-11 желтоқсан күндері АҚШ-тың Айова штатындағы Коралвилл қаласында еркін және әйелдер күресінен Әлем кубогі жарысы өтеді.
Биыл Xtream Arena-да ұйымдастырылатын белдесулерде ерлер мен әйелдер еркін күрестен алғаш рет бір спорт кешенінде жиналып, кім мықтыны анықтамақ.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мұхиттың арғы бетіндегі додада Қазақстан құрамасынан екі өкіл бақ сынайтынын мәлімдеді. Атап айтар болсақ, қыздар арасындағы 72 келіге дейінгі салмақтағы әлем рейтингінің көшбасшысы Жәмила Бақбергенова мен ерлер арасындағы биылғы Азия біріншілігінің жеңімпазы Азамат Дәулетбеков (86 келі) әлем құрамасы сапында күреседі. Әр елдің таңдаулы бозкілем шеберлерінен жасақталған команда В тобында АҚШ және Қытай құрамаларымен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Ал А тобында Жапония, Украина мен Моңғолияның бұрымды балуандары өзара күш сынасады.
Қытай құрамасы 72 келіге дейінгі салмақта бір ғана балуан – Цянь Дегенчаганды жарысқа қатыстырмақ (UWW рейтингінде ол 12-орында тұр). Жарыс қожайыны АҚШ қыркүйекте Белградта әлем чемпионы атанған Амит Элор мен Скайлар Эллисон Гротені таңдапты. Айта кетейік, Сербия астанасында Жәмила финалда дәл осы Амит Элорға есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болған еді.
Жәмила биыл Халықаралық күрес федерациясы (UWW) бекіткен барлық салмақтағы әлемдік рейтингті (72 келіге дейінгі салмақта) 1-орынмен аяқтағаны баршаға мәлім. Оның еншісінде 52 000 ұпай бар. UWW ережесі бойынша, жылды бірінші орынмен қорытындылағаны үшін оған Халықаралық күрес федерациясы 5000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы береді. Жәмила биыл бірқатар толайым табысқа қол жеткізді. Мәселен, ол әлем чемпионатында мойнына күміс жүлдені ілген болса, Азия біріншілігінде алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ Болат Тұрлыханов атындағы Гран-при жарысында да дара шықты. Ал Ислам ойындары сайысында қола жүлдені қанағат тұтты.
Ал отандасымыздың басты қарсыласы – Амит бір жылда жастар, 23 жасқа дейінгілер және ересектер арасында әлем чемпионатында топ жарған бірінші америкалық балуан екенін атап өтейік.
Әлем кубогінде отандасымызға кімдер қарсылас атанбақ? Моңғолия осы салмақтағы беткеұстары Даваанасан Энх Амар мен Сарнай Баярбаатардың жолына үмітпен қарайды. Украина да өз көшбасшысы Анастасия Алпееваға сенім артады. Ол қазір рейтингте 13-сатыда тұр. 21 жастағы балуан биыл Испанияда 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында қолаға қол жеткізген.
Бір қызығы, Жапония бұл салмақта ешкімді апармайды. Бапкерлер Ослодағы әлем чемпионатының жеңімпазы Масако Фуруичиға да, басқа спортшыларына да демалыс беруді жөн санапты.
Айта кетейік, Әлем кубогін жыл сайын Халықаралық күрес федерациясы (United World Wrestling) ұйымдастырады. Мұнда әлем чемпионатында жалпы есепте үздік шыққан 5 құрама мен әлем құрамасы (өзге құрамалардағы үздік балуандардан жасақталған) күш сынасады.
Қазақстандық күрес жанкүйерлері Коралвилл қаласындағы тартысты белдесулерді Халықаралық күрес федерациясының (United World Wrestling) ресми сайтының тікелей эфирінен көре алады.