Борьба
4 қараша 2022 22:19

Қазақстандық дзюдошылар Үлкен Дулыға турнирінің алғашқы күні жүлдесіз қалды

©kazsports.kz

Бакуде алғашқы күні күрескен дзюдошылар жүлдеге қол жеткізе алмады, деп жазады Vesti.kz тілшісі Спортты дамыту дирекциясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгін Әзірбайжан астанасы Бакуде басталған дзюдодан Үлкен Дулыға кезеңінде Қазақстан құрамасының споршылары медаль жеңіп ала алмады.

Бауыржан Нарбаев алғашқы айналымында (60 кг) 3 ескерту алып, өзбекстандық Кемран Нуриллаевтан ұтылып қалды. Осы салмақтағы тағы бір қазақ дзюдошысы Шерзод Давлатов алғашқы айналымда германиялық Максимилиан Хейдерді таза ұтқанымен, әзірбайжандық Балабай Агаевтан ары аса алмады.

Әйелдер арасындағы жеңіл салмақта Ғалия Тынбаева (48 кг) А тобында жергілікті дзюдошы Айша Гурбанлының жауырынын жерге тигізді. Алайда келесі айналымда француз Ширин Буклидің мықты екенін мойындауға мәжбүр болды. Бұл салмақтағы Нұрайлым Сәрсенбек 1-кездесуінде Маврикий аралының өкілі Присцилла Морандтан жеңілді.

Ерлер арасында 66 келіге дейінгі салмақта жарақатын емдеп, қатарға қайта қосылған тәжірибелі Ғұсман Қырғызбаев іріктеуде моңғолиялық және грузиялық дзюдошыдан басым түсті. Ал А тобының үздігі анықталатын ширек финалда молдовалық Денис Виеруға есе жіберді. Голден-скорға дейін жеткен белдесуде қазақстандық 3 ескерту алды. Ғұсман Қырғызбаев пен испаниялық Дэвид Гарсия арасындағы жұбаныш белдесуінде Переней түбегі өкілінің жолы болып, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.

D тобындағы Алмас Ғалымов (66 кг) голден-скорда коста-рикалық спортшының жолын кескенімен, 3-айналымда серб Страхинья Бунчичке есе жіберді.

Енді ертең қазақстандықтардан Дана Әбдірова (57 кг), Самалай Ерғалиева (63 кг), Эсмигүл Куюлова (63 кг), Данияр Шамшаев (73 кг) пен Абылайхан Жұбаназар (81 кг) татамиге шығады. Бакудегі бәсекеге 63 елдің 400-ге жуық спортшысы жиналды.

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport