Қазақстандық еркін күрес шебері Мадхия Усманова допинг қолданғаны үшін төрт жылға дисквалификацияланды, деп хабарлайды Vesti.kz Қазақстанның Ұлттық допингке қарсы орталығына сілтеме жасап.
Спортшының допинг-сынамасынан тыйым салынған мельдоний препараты анықталған. Сынама 2025 жылдың 31 шілдесінде - Усманова Афинада өткен U-17 жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 57 келіге дейінгі салмақта алтын жеңіп алған күні алынған.
Нәтижесінде қазақстандық балуан 2025 жылдың 31 қазанынан бастап 2029 жылдың қазанына дейін төрт жылға спорттан шеттетілді.
United World Wrestling (UWW) ережесіне сәйкес, допингке қарсы талаптарды бұзған спортшының көрсеткен нәтижелері жойылуы мүмкін. Алайда әзірге ұйымның ресми сайтында Усманова 2025 жылғы әлем чемпионы ретінде көрсетілген.
Соған қарамастан, қазақстандық спортшы әлем чемпионатының алтын жүлдесінен айырылуы ықтимал. Ондай жағдайда чемпиондық атақ Үндістан балуаны Мониге беріледі.
Жарнама