Қазақстандық сумошы Ерсін Балтағұл (жапон рингінде – Хируки Кимбодзан) таңдаулы спортшылар қатысып жатқан Лондондағы турнирді сәтті бастады, – деп хабарлайды Vesti.kz.
Бәсеке Лондонда, әйгілі «Альберт-холлда» басталып, жергілікті көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырып жатыр. Турнирдің алғашқы күнінде Кимбодзан Мидорифудзи Казунаримен кездесіп, жанкүйерлерді таңғалдырған әсерлі жеңіске жетті.
Қарсыласы Ерсіннен 20 сантиметрге аласа, ал салмағы бойынша шамамен 60 келіге жеңіл болды. Кимбодзан қарсыласын айламен алдап соғып, көрермендердің зор қошеметіне ие болды.
Айта кетсек, жапонның элиталы сумошылары бұған дейін ел аумағынан шықпаған еді. Соңғы рет мұндай шетелдік турнир дәл осы Лондонда 34 жыл бұрын өткен.
Турнир 19 қазанға дейін жалғасады. Қорытынды кезеңде ең үздік сумошы мен арнайы жүлделердің иегерлері анықталады.
Ерсін Балтағұл кім?
Қазақ сумошысы Ерсін Балтағұл 18 жасынан бері Жапонияда тұрады. Бала кезінде ол қазақша күрес және дзюдомен айналысқан.
2019 жылы Ерсін Жапонияның жастар арасындағы сумо чемпионатында жеңімпаз атанып, мұндай жетістікке қол жеткізген тұңғыш қазақстандық спортшы болды.
2025 жылдың қаңтарында Кимбодзан әлемдегі ең беделді жарыс — Император кубогында үшінші орын иеленді. Турнирдің біраз бөлігі бойы ол жеңіліс көрмеген жалғыз сумошы атанып, басты трофейдің тағдыры үш спортшы арасындағы қосымша белдесулерде шешілді.