Борьба
21 маусым 2021 10:56

"Жақсылық ағаның арманын орындайтын күн алыс емес". Нұрбақыт Теңізбаев Токио Олимпиадасы туралы

Сурет: olympic.kz

Тәуелсіз қазақ елінің тарихында спортшыларымыз Олимпиададан алтынсыз қайтқан емес. Осы орайда 2008 жылғы Бейжіңдегі Жазғы ойындардың күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев Vesti.kz тілшісіне Олимпиада алтыны қашан болатынын болжап көрді.

- Нұрбақыт аға, Олимпиада ойындарына бірнеше рет қатыстыңыз. Токиодағы жарысқа баратын спортшыларға қандай тілек айтасыз?

- Ең алдымен еліміздің атынан Олимпиадаға бара жатқан барша спортшыларға сәттілік тілеймін. Олардың барлығынан жүлде күтеміз. Олардың арасында кезінде өзім айналысқан грек-рим күресінің балуандарына да сәттілік тілеймін. Осы орайда Жақсылық ағамыздың "Шіркін менің артымнан ерген қазақтың жігіті Олимпиада чемпионы болып, соның маңдайынан сүйсем ғой" деген сөзі бар еді. Өкінішке қарай ағамыз ол күнді көре алмады. Енді бар арманымыз Жақсылық ағамыздың тілегін жүзеге асыратын жеңімпаз шықса.

- Дегенмен, грек-рим күресінде уақыт өткен сайын алтын медальдің ауылы алыстап барады...

- Алтынды спортшы кезімде мен де күткем. Жалпы әлемде олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері болып бөлінеді. Солардың арасында олимпиадалық спорт түрлері әлемде қатты дамып кеткен. Азия біріншілігі болсын, басқа да халықаралық жарыстарына барып жеңімпаз атану оңай шаруа емес. Төрт жылдықтың басты додасында топ жару – әр спортшының арманы. Сондықтан Жазғы ойындардың алтын жүлдесін әлі күнге дейін күтіп жүрміз. Амандық болса осы жолы жігіттеріміз жақсы нәтижемен қайтады деген сенімдемін.

Еске салсақ, Олимпиада ойындары 23 шілде мен тамыз айының 8 жұлдызы Жапония астанасы Токиода өтеді. Бүгінгі таңда отандастарымыз спорттың 27 түрінен 76 жолдама жеңіп алған.