Азия күрес федерациясының президенті және UWW бюросының мүшесі Дәулет Тұрлыханов Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті болып тағайындалды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Күрес федерациясының кезектен тыс конференциясында спорт құрылымының экс-президенті Ерлан Қожасбай қызметінен кету туралы шешім қабылдап, Дәулет Тұрлыхановтың кандидатурасын ұсынды. Конференцияға қатысушылардың бірауыздан қабылдаған шешімімен Тұрлыханов федерация президенті болып сайланды.
Айта кетерлігі, бұған дейін Тұрлыханов аталған федерацияның вице-президенті қызметін атқарған.
Дәулет Тұрлыханов – кеңестік және қазақстандық грек-рим күресінің балуаны, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1989), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Сонымен қатар, Дәулет Тұрлыханов 1989 жылғы әлем чемпионы және 1993 жылғы әлем вице-чемпионы, 1995 жылғы Еуропа және Азия чемпионы, Олимпиаданың күміс (1988) және қола (1992) жүлдегері, сегіз дүркін КСРО чемпионы.