Жартылай орта салмақта UFC чемпионы болған Белал Мухаммадтың (24-5-0-1) келесі қарсыласы белгілі болды. Желтоқсанда ол еркін күрес бойынша белдесу өткізеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
20 желтоқсанда Белал АҚШ-тың Индиана штаты Фишерс қаласында өтетін RAF Wrestling промоушенінде белдеседі. 37 жастағы Мухаммадтың қарсыласы – 26 жастағы Дэвид Карр болады. Ол 20 жасқа дейінгілер арасында еркін күрестен әлем чемпионы атанған. Өткен жылы Карр Таразда өткен Дінмұхамед Қонаев атындағы турнир финалында қазақстандық Егор Анчугинді жеңіп, топ жарған еді.
Айта кетейік, бір апта бұрын Белал UFC-де қатарынан екінші мәрте жеңіліске ұшырап, ирландиялық Иэн Гэрриге (17-1) төрешілер шешімімен жол берген. Алты ай бұрын ол Джек Делла Маддаленадан жеңіліп, чемпиондық белбеуден айырылған болатын.
2024 жылғы желтоқсанда және 2025 жылғы мамырда Мухаммад қазақстандық Шавкат Рахмоновпен (19-0) айқасу керек болатын, бірақ, екі рет те жекпе-жек өтпей қалды. Алдымен Белал жарақатына байланысты жұдырықтаса алмады, ал кейін Шавкат денсаулық жағдайына байланысты дайын болмаған еді.
Жарнама