Борьба
12 сәуір 2024 17:01

Бас бапкер Ризабектің финалдағы белдесуіне баға берді

©ҚР ҰОК

Еркін күрестен Қазақстан құрамасының бапкері Қарысбек Махамбетов Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнін қорытындылады, деп хабарлайды Olympic.kz.

"Мейрамбек Қартбай атты балуанымыз өз мансабында алғаш рет Азия чемпионатында жүлдегер болып отыр. Ол былтырғы әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жетіп, кейін жеңіліс тапқан еді. Бішкектегі жартылай финалдық белдесуде ұтатын мүмкіндігі мол болды. Бірақ соңына дейін жеңісті ұстап тұра алмады. Десе де, Мейрамбектің алғашқы жүлдесі үшін қуаныштымыз.

Ризабек Айтмұханға келер болсақ, бұл балуанымыз 97 келіге бейімделіп келе жатыр. Финалға дейінгі қарсыластарына еш айла қалдырған жоқ. Ақтық сында өзі секілді жас спортшы, әлем чемпионы Ахмед Тажудиновпен күресті. Ризабек адуынды қарсыласына жақсы тойтарыс берді деп ойлаймын. Ахмед бұрыннан сол салмақта жүрген жігіт. Салмағы жүз келіден асады. Ал Ризабектің салмағы әлі де болса жетіңкіремейді. Бұл белдесу кезінде бәрібір де байқалады.

Елімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионы 97 келіде де жақсы нәтижелер тіркейтініне сенімдімін. Оның күресі көңілге сенім ұялатады.

Өкінішке қарай, қалған үш салмақтағы балуандарымыз жеңіліс тапты. Біріне сәттілік, енді біріне шеберлік мен жылдамдық жетпей қалды. Әсіресе, 65 келідегі спортшыларды әлі де дайындау үстіндеміз. Бұл салмақта ұзақ жылдар бойы Дәулет Ниязбеков көш бастады. Ол әлемдік деңгейдегі балуандар қатарынан болды. Енді оның ізбасарларын шығарамыз", - деді Қарысбек Махамбетов.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport