Әсет Серікбаев құрамадағы екі балуан карьреасын аяқтағанын мәлімдеді

©olympic

Еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Әсет Серікбаев тәжірибелі балуандар Дәулет Ниязбеков пен Ғалымжан Өсербаев спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап. 

"Токио Олимпиадасынан кейін Дәулет Ниязбеков жарақатын емдеуде. Оның жазғы ойындарда жарақатын асқындырып алғанын білесіздер. Бүгінде Дәулетті ұлттық құрамаға жаттықтырушы қызметіне алу туралы ұсыныс жасадық.

Ғалымжан Өсербаев "Шаңырақ" спорт мектебінде жас балуандарды жаттықтырып жүр. Ол бапкерлік қызметін бастап кетті.

Мұндай тәжірибелі балуандар бізге өте қажет. Дәулеттің де, Ғалымжанның да жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол. Екеуі де әлемдік жарыстарда Қазақстан намысын қорғады. 

Қазіргі жас балуандар үшін олардың тәжірибесі мен кеңесі аса құнды болмақ. Жарыс қарсаңында салмақты қалай қуу керек, шетелдегі ірі бәсекелерге қалай дайындалу керек, мұның бәрін екеуі де жақсы біледі", - деді бас бапкер. 

Дәулет Ниязбеков еркін күрестен әлем чемпионатының күміс (2019) және қола жүлдегері (2011). Үш дүркін Азия чемпионы, құрлық біріншілігінің төрт дүркін жүлдегері, Лондон және Токио Олимпиадаларының қатысушысы.

Ғалымжан Өсербаев Рио Олимпиадасында алғашқы бестікке енген, Азия біріншілігінің қола жүлдегері. 

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар