Алматыда еркін күресті дамыту мен насихаттауға, сондай-ақ дарынды балуандарды қолдауға және олардың спорттық өсуіне қосымша мүмкіндік жасауға бағытталған "Almaty Open Seniors" жаңа спорттық жобасы бастау алады.
Жоба еліміздің түкпір-түкпірінен келетін спортшылардың басын қосып, шеберліктерін шыңдауға, тұрақты түрде жарыс тәжірибесін жинақтауға және республикалық деңгейде өздерін көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа жарыс алаңына айналмақ.
Іріктеу турнирлерінің қорытындысы бойынша үздік спортшылар келесі жылдың мамыр айында өтетін халықаралық «Ардагер Алаңы» турнирі аясындағы жобаның финалдық кезеңіне жолдама алады. Жарыс бағдарламасына олимпиадалық алты салмақ дәрежесі бойынша белдесулер енгізілген.
Жоба ұйымдастырушысы Ерлан Малаевтың айтуынша, финалдық кезеңге іріктеу жүйесі барлық қатысушылар үшін барынша ашық әрі түсінікті болады. Маусымның шешуші кезеңіне жолдаманы бір кезеңнің чемпионы атанған, екі рет күміс жүлдеге ие болған немесе үш мәрте қола медаль жеңіп алған балуандар алады.
"Біз спортшыларға тұрақты түрде жарысқа қатысып, шеберліктерін жетілдіруге қосымша мүмкіндік жасауды мақсат етіп отырмыз. Жасөспірімдер мен жастар санатынан шыққаннан кейін көптеген дарынды балуандар жарыс тәжірибесінің жетіспеушілігіне тап болады. «Almaty Open Seniors» олардың әрі қарай дамуына, жоғары деңгейдегі дайындықтарын сақтауға және жаңа жетістіктерге жетуіне мүмкіндік беретін алаң болуы тиіс. Осы ретте Алматы қаласының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Омар Алиев бастаған федерация ұжымына көрсеткен жан-жақты қолдауы мен практикалық көмегі үшін алғысымды білдіремін", - дейді Ерлан Малаев.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – ақшалай сыйақылардың жинақтаушы жүйесі. Әр кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге берілетін қаржылай сыйақы маусым бойы жинақталып отырады. Бұл формат спортшыларға жоғары нәтижеге ұмтылумен қатар қосымша ынталандыру береді.
"Біз әр кезеңнің маңызын арттыруға тырыстық. Спортшылар әрбір сәтті өнер көрсетудің финалға жолдама алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, нақты ақшалай сыйақы әкелетінін біледі. Бұл тұрақты қатысуға және тыңғылықты дайындалуға қосымша серпін береді деп ойлаймын", - деді жоба ұйымдастырушысы.
Ерлан Малаевтың сөзінше, жоба аясында күрес мектептері жақсы дамығанымен, ірі жарыстарға қатысу мүмкіндігі шектеулі аудандық және ауылдық жерлерден шыққан спортшыларға ерекше көңіл бөлінеді.
"Қазақстан өңірлерінде әлеуеті жоғары көптеген талантты балуандар бар. Біздің міндетіміз – оларға өздерін көрсетуге, беделді жарыстарда тәжірибе жинақтауға және мамандардың назарын аударуға мүмкіндік беру. Дарынды спортшы қай қалада немесе қай ауылда тұрса да, жетістікке жетуге тең мүмкіндік алуы керек", - деп атап өтті Малаев.
Ұйымдастырушылар бұл жоба Қазақстандағы ересектер арасындағы еркін күрестің дамуына серпін беріп, спортшылардың жарыс тәжірибесін кеңейтуге және осы спорт түріндегі бәсекелестіктің деңгейін арттыруға ықпал етеді деп сенеді.

"Almaty Open Seniors" жобасының алғашқы кезеңі 13 маусым күні Алматы қаласындағы Жоғары спорт шеберлігі мектебінде өтеді. Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген балуандар қатысып, финалдық кезеңге жолдама алу және жаңа жобаның алғашқы маусымының жеңімпазы атану жолындағы бәсекені бастайды.
Жарнама