Бейжің Олимпиадасы көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Десе де, қысқы спорт түрлеріндегі әлемдік жарыстар қайта жалғасуда. Мәселен, конькимен жүгіруден команда мүшесі Надежда Морозова Норвегияда өтетін көпсайыстан әлем біріншілігінде бақ сынамақ. Нидерландта өтетін финалдық кезеңде де Морозова ел намысын қорғайды. Дүбірлі додаға аттанар алдында конькиші Olympic.kz сайтының тілшісіне сұхбат берді.
- Олимпиада артта қалды. Қысқы ойындардан кейін қандай шешімге келдіңіз?
- Көп жұмыс істеу қажеттігін түсіндім. Бәрі бірден бола қоймайды. Үш жыл дайындалғанымды ескерсем, Бейжіңде жақсы өнер көрсеттім деген ойдамын. Бұдан былай психологиялық тұрғыдан өзіммен жұмыс істеуім керек. Көбірек жұмыс істеймін.
- Бейжіңде жүлде аламын деп, сенімді айтқан едіңіз. 1500 метрлік жарыс кезінде не жетпей қалды деп ойлайсыз?
- Иә, 1500 метрге жарысар алдында өзіме сенімді болдым. Өйткені, жүлде алатын мүмкіндік расында бар еді. Бірақ осы қашықтықта көзге түсемін деп, қатты "күйіп" кеттім. Жарысқа шыққанда мүлде күшім қалмады. Не жетпей қалғанын айту қиын...
- Сіз 1000, 1500, 3000 метрде жарысасыз. Осы қашықтықтардың барлығы да сізге ыңғайлы ма? Қайсысын жетілдіруді көздейсіз?
- Мен үш қашықтықты енді ғана қатар алып жүре бастадым. Бәрін де тез жүгіргім келеді. Ал өзімнің оң жамбасыма қайсысы ыңғайлы екенін кейінірек шешетін шығармын.
- Олимпиадада қай спортшы ерекше есіңізде қалды? Кімнің жетістігін қайталағыңыз келеді?
- Жапониялық Михо Такаги ұнайды. Ол өте мықты әрі төзімді спортшы. Жетістіктері де өте көп.
- Олимпиада қалашығындағы, жарыс алдындағы дайындық қалай өтті? Атақты қарсыластарыңызды көргенде қобалжу болды ма?
- Жаттығуды күніне екі рет өткіздік. Әрбір дайындық кезеңіне, әрбір жарысқа үлкен жауапкершілікпен қарайтын адаммын. Тіпті, турнир өте маңызды ма әлде кішігірім ғана жарыс па, бәрібір. Мен үшін бәрі де жауапты бәсеке саналады. Сондықтан, бұл жағынан менде қиындық жоқ. Ал атақты қарсыластарыма келер болсам, оларды көргенде қобалжимын деп айта алмаймын.
- Осы Олимпиада кезінде есіңізде қалған ерекше оқиға болды ма? Мейлі, жарыс кезінде, мейлі олимпиадалық қалашықта...
- Шынымды айтсам, қандай да бір жүрек тебірентерлік оқиғалар болған жоқ. Қысқы ойындар карантин жағдайында өтіп жатқасын шығар... Негізінен, жаттығу мен жатын орын арасын ғана жол қылдық.
- Ашылу және жабылу салтанаты көңіліңізден шықты ма?
- Олимпиадада жүргенім қатты сезілген жоқ. Ашылу және жабылу салтанатына да қатыспадым. Өйткені, 4 ақпан күні ашылу салтанаты өтсе, 5 ақпан күні алғашқы жарыс күтіп тұрды. Ал жабылу салтанатына қатыспауымның өзіндік себебі бар. Бізге ұзақ уақыт бойы салқын жерде жүру керек еді. Бірақ алда қатысатын жарыстар көп болғандықтан, денсаулығымызды сақтауды ойладық.
- Күйеуіңіз Дмитрий Морозовпен жарыс кезінде ақылдасатын, кеңесетін кездеріңіз бола ма?
- Жолдасым екеуміз айтатын әңгіменің 80 пайызы спортқа қатысты. Үнемі қанша уақытта жүгіретінімізді, жалпы қалай жарысатынымызды алдын ала айтып отырамыз.
- Бір үйде екі конькиші болған қандай? Оның үстіне, екеуіңіз де Олимпиадаға қатыстыңыздар...
- Екеуміздің де спортшы екеніміз, екеуміздің де бір командада сынға түсетініміз бізді қуантады. Жігерлендіре түседі десем де болады. Біздің мақсатымыз ортақ. Бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз. Мұның бәрі де жаттығу кезінде көмектеседі. Жеті жылдан бері біргеміз, оның ішінде төрт жылды ерлі-зайыпты ретінде өткізіп келеміз. Бір-бірімізді жақсы түсінетініміз бізді одан әрі жақындата түседі.
- Жарыстан соң бір-біріңіздің қателік, кемшіліктеріңізді талқылайсыздар ма?
- Әрине, үнемі қателігімізді тексеріп, талқыға саламыз. Видео жаттығуларды сараптап, ақыл-кеңесімізбен бөлісеміз.
- Ата-аналарыңыз Олимпиададағы көрсеткіштеріңізді қалай қабылдады?
- Шыны керек, ата-анамыз қатты қуанды. Олар бізді үнемі қолдап жүреді. Екеуміздің жанұямыз да жақсы араласып тұрады.
- Алдағы олимпиадалық маусымға қандай мақсат қойдыңыз?
- Келесі олимпиадаға дейін төрт жыл бар. Осы уақыт аралығында тәжірибе жинап, қазіргіден де мықты болуға тырысамын. Мақсатым анық, демек, нәтиже де көп күттірмейді.