Қазақстандық спортшылар Денис Тен мемориалында жүлдеге ілікті

©kazsports.kz

Алматы қаласында биылғы ISU Challenger-дің 7-кезеңі саналатын Денис Тенді еске алуға арналған ІІІ халықаралық турнир мәресіне жетті, деп жазады Vesti.kz тілшісі Спортты дамыту дирекциясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Ерлер арасындағы жекелей сында Диас Жиренбаев қысқа және еркін бағдарламаны қосқанда 192,67 ұпай жинады. Қазақстандық спортшы тек грузин Ника Егадзеге (208,47 балл) есе жіберді. Үздік үштікті әзірбайжандық Владимир Литвинцев (188,77) түйіндеді. Бұл сында Рахат Бралин 4-сатыдан көрінді (181,22 ұпай). Қалған қазақстандықтардың нәтижесі: Олег Мельников – 6-орын (162,30), Елисей Волков – 8-орын (101,96).

Ал әйелдер арасында оңтүстік кореялық Минче Ким ешкімге дес берген жоқ (158,84 ұпай). Отандасымыз Анна Левковец қысқа бағдарламадан кейінгі орнын жалпы есепте де сақтап қалып, күміс медальге қол жеткізді (145,43 ұпай). Қола жүлде тағы бір оңтүстік кореялық Дабин Чхвеге бұйырды. Ол Аннадан небәрі 0,4 ұпай қалып кетті (145,06). Өзге қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылардың нәтижесі: Анна Фарафонова – 7-орын (122,51), Багдана Рахишова – 9-орын (111,88), Ясмин Текик – 10-орын (105,70).

Жұптық сында көптеген маман болжағандай, жапониялық Кана Мурамото мен Дайсукэ Такахаси жекедара топ жарды (188,30). Күміс жүлде германиялық Дженнифер Янсе ван Ренсбург пен Бенджамин Стеффан дуэтіне бұйырса, қоланы мажарстандық Мария Игнатьева мен Даниил Шемко қанжығасына байлады. Алғашқы алтылықта өнер көрсеткен қазақстандық Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев қос бағдарламадан соң, 7-сатыға жайғасты (145,12 ұпай).

Жалпы биылғы додада Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Италия, Франция, Германия, Израиль, Болгария, Мажарстан, Әзірбайжан, Молдова, Армения, Грузия, Украина мен Қырғызстан спортшылары бақ сынады. Отандастарымыз барлық бағдарламада өнер көрсеткенін айта кеткен жөн.

Естеріңізге сала кетейік, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған бәсеке алғаш рет 2019 жылы Алматыда өткен. Былтыр мәртебелі турнирді Астана қаласы қабылдаған. Ол кезде 18 елдің спортшылары еліміздің бас қаласында өзара шеберлік байқасқан.

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Жаңалықтар