Қазақстандық могулшылар Олимпиада трассасында жаттығу өткізді

©olympic

Фристайл-могулдан Қазақстан командасы Қытайда Олимпиада қарсаңындағы дайындығын жалғастыруда. Павел Колмаков, Дмитрий Рейхерд және Аяулым Әміренова Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, жарыс жолына баға берді. 

"Трасса тамаша. Олимпиадалық талаптарға толығымен жауап береді. Әрине, кемшілігі де жоқ емес. Бұл әрбір жарыс жолында кездеседі. Мұндағы трасса сәл қаттылау. Қазір трамплиннен секіріп жатырмыз. Олимпиада қарсаңындағы көңіл-күйіміз тамаша, ештеңе мазаламайды", - дейді Павел Колмаков. 

Дмитрий Рейхердтің айтуынша, Қазақстан командасы бұл жарыс жолында алғаш рет бақ сынамақ. 

"Біздің үшінші ресми жаттығуымыз өтуде. Трасса өте керемет, трамплинді де сынақтан өткіздік. Жалпы алғанда бәрі жақсы. Бұл жарыс жолында бірінші рет сынға түспекпіз. Бұған дейінгі әлем кубогі кезеңі басқа жерде өткізілген. Жаңа трамплиндер біз үшін жаңа курс. Бәрі де көңілімізден шықты, бәрі ұнайды. Іріктеу сындары 3 ақпанда басталады. Финалдық кезең ерлер арасында 5 ақпанда, әйелдер арасында 6 ақпанда өтеді. Бізге жанкүйер болыңыздар! Алға, Қазақстан", - деді Рейхерд. 

Аяулым Әміренова болса, жарыстың маңыздылығына тоқталды. 

"Бүгін трассадағы үшінші жаттығуымызды өткізіп жатырмыз. Жарыс жолы көңілімізден шықты. Тек ауа райы тым суық. Әрине, мұның барлығы да бізді қобалжытады. Өйткені, Олимпиада ойындары бұл. Жарыс деңгейі сезіледі. Мұндай жайдан-жай келмегеніңді түсінесің. Бүкіл еліңнің намысын қорғау үлкен абырой. Алғашқы 30 спортшының қатарына ену алғашқы жетістік. Дегенмен, әлі де босаңсуға болмайды. Алда іріктеу және финалдық кезең бар. Тек жақсылыққа ұмтылу қажет", - деді Аяулым. 

Могулшылар таулы аймақ Чжанцзякоуда жаттығуда. Бұл олимпиадалық картадағы ең алыс кластер саналады. 

Бұл спорт түрінен ел намысын Юлия Галышева, Аяулым Әміренова, Анастасия Городко, Олеся Граур, Павел Колмаков және Дмитрий Рейхерд қорғайды. 

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар