4-6 қараша аралығында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында шорт-тректен Әлем кубогінің 2-кезеңі өтеді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі kazsports.kz-қа сілтеме жасап. Юта штатында жарыс жолына шығатын Ұлттық құрама спортшылары:
Ерлер – Абзал Әжғалиев, Нұртілек Қажығали, Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша, Еркебұлан Шамуханов, Антон Хван;
Әйелдер – Алина Әжғалиева, Яна Хан, Малика Ермек, Алена Волковицкая, Анастасия Астраханцева, Ольга Тихонова;
Бас бапкер – Нұрберген Жұмағазиев. Солт-Лейк-Ситидегі жарысты Халықаралық конькишілер одағының (ISU) Youtube арнасынан тамашалай аласыздар
Канаданың Монреаль қаласында өткен алғашқы кезеңде ерлер құрамасы 5 шақырым эстафетада күміс жүлдеге қол жеткізген. Қазір 5000 метрге жарыста әлем рейтингінде Ұлттық құрама 9-сатыда келе жатыр (12094 ұпай). Ал Абзал Әжіғалиев 500 метрге жарыста В финалында 2-орынға тұрақтаған. Осы қашықтықта бақ сынаған Денис Никиша жартылай финалда ереже бұзғаны үшін жарыс жолынан шығып қалды.
Әлем Кубогінің келесі кезеңдері:
3-кезең – Алматы (Қазақстан), 9-11 желтоқсан;
4 -кезең – Алматы (Қазақстан), 16-18 желтоқсан;
5-кезең – Дрезден (Германия), 3-5 ақпан;
6-кезең – Дордрехт (Нидерланд), 10-12 ақпан;
Әлем Кубогі кезеңдері жайлы
Биыл Әлем Кубогі кезеңінің ұйымдастырылып келе жатқанына 25 жыл толды. Сонау 1997-1998 жылдан бері Еуропа, Азия мен Солтүстік Америка елдері сынға түсетін дода дәстүрге сай 6 кезеңге созылады. Тек Олимпиада болатын жылы 4 кезеңі өтеді.
Жалпы үздіктер 9 қашықтықта (500, 1000 және 1500 метр (ерлер мен әйелдер), 3 мың метр эстафета (әйелдер), 5 мың метр эстафета (ерлер), 2 мың метрге аралас эстафета) анықталады. Ширек ғасырға жеткен жарыс маусым соңында алғаш рет ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпазды анықтап, "Гауһар глобус" табыстамақ.