Шаңғымен жарысудан Қазақстан командасының мүшесі Валерия Тюленева Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, Бейжіңдегі қысқы Олимпиада қарсаңында пікірімен бөлісті.
"Олимпиада әрбір спортшының өміріндегі ең басты жарыс. Шынымды айтсам, аздаған қобалжу бар. Мұны дұрыс деп ойлаймын. Бәрі біздің бапкерлер құрған жоспар бойынша өтуде, жаттығу кезінде қандай да бір үзіліс болған жоқ. Олимпиада алдындағы жиынды теңіз деңгейінен 2000 метр биікте Италияда өткіздік.
Ал Бейжің туралы айтар болсам, арнайы костюм киіп алған волонтерлер көзге бірден түседі. Мұнда ковидке қарсы іс-шара қатал жүргізілуде. Күнде таңертең ПТР тест тапсырамыз. Өз еркіңмен олимпиадалық ауылдың сыртына шығуға болмайды. Десе де, мұның бәрі ойын атмосферасына әсер етпейді.
Олимпиадалық ауылдағы жағдай өте жақсы. Тек ауа райына әлі де бейімделу қажет. Жарыс өтетін аймақ өте суық, әрі жел бар. Біздің экипировкамыздың жылы әрі суық өткізбейтіні көмектесуде", - дейді Тюленова.