Алматыда шорт-тректен әлем кубогі мәресіне жетті

©Сали Сабыров

Алматы қаласындағы "Халық Арена" мәдениет және спорт сарайында шорт-тректен Әлем кубогінің 4-кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі Спортты дамыту дирекциясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Апта бұрын дәл осы кешен 3-кезеңді де қабылдаған. Қазақстан құрамасы осы 2 бәсекеде 3 жүлдеге (бір алтын, бір күміс, бір қола) қол жеткізді. Барлық медальді Денис Никиша 500 метрге жарыста жеңіп алды. Бүгін Денис жарты шақырымды 41.850 секундта еңсерді. Оңтүстік Корея шорт-трекшісі күміс, бельгиялық қолаға ие болды.

Сондай-ақ, еліміздің әйелдер құрамасы 3 мың метр эстафетада алғаш рет финалда өнер көрсетті. Алайда Яна Хан, Ольга Тихонова, Мадина Жанбосынова мен Малика Ермек шешуші сында жүлдеге бір табан жетпей сүрінді. Олар Оңтүстік Корея, Канада мен Мажарстаннан кейін мәре сызығын қиды.

Соңғы жарыс күні жанкүйерлерді таңғалдырған, әрі қуантқан қазақстандық шорт-трекшінің бірі – Еркебұлан Шамұханов. Ол мың метрге жарыста финалға шығып, жүлде үшін таласқа түскен. Алайда бірнеше айналым қалғанда құлап қалып, мәреге 5-ші болып келді. Бұл қашықтықта оңтүстік кореялық Жи Вон Парк жеңіске жетті. Ол кеше 1500 метрде ешкімге дес бермеген еді. Күміс канадалық Стивен Дюбуаның еншісінде. Стивен кеше 500 метрде де күміс алған. Үздік үшіткті латвиялық Робертс Крузбергс түйіндеді.

Осымен шорт-трекшілер үшін биылғы маусым аяқталды. Әлем кубогінің қалған 2 кезеңін 2023 жылы Дрезден (Германия, 3-5 ақпан) мен Дордрехт (Нидерланд, 10-12 ақпан) қабылдайды. Сосын көктемде әлем чемпионаты өтеді. Қазақстан құрамасы осы 4 кезеңде барлығы 7 жүлдеге қол жеткізді. Монреальда (Канада) өткен Әлем кубогінің алғашқы кезеңінде ерлер құрамасы 5 шақырым эстафетада күміс жүлдегер атанған. Ал Солт-Лейк-Ситидегі (АҚШ) 2-кезеңде Ұлттық құрамаға 3 жүлде бұйырды. Әуелі Абзал Әжғалиев 500 метрде мәреге екінші келген. Ертесіне Денис Никиша да 500 метрге жарыста күміс жүлдегер атанды. Әділ Ғалиахметов мың метрге жарыста үздік үштікті түйіндеді. Қоржынымызға көптен бері түспей жүрген алтын медальді бүгін Денис Никиша сыйлады. Тағы Алматыда ол күміс пен қола жүлдені де мойнына тақты.

Жалпы Денис үшін Әлем Кубогі сәтті өтіп жатыр. 27 жастағы атлеттің бір өзі еншімізге 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль салды. Бүгін мақсатына жетіп, топ жарған соң ол "Халық Аренада" жанкүйерлердің көз алдында сүйгеніне сөз салды.

Денис Никишаның жеңісінен соң аренада 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арнап үлкен Мемлекеттік Ту түсірілді.

 

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар