Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Пётр Гуменник қазақстандық Михаил Шайдоровтың Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиададағы жеңісі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Гуменниктің айтуынша, ол Шайдоровпен Сочидегі оқу-жаттығу жиынында кездескен.
"Иә, оны Сочиде көрдім. Мен таңғы сағат 8-де әрең оянып, мұзға шыққанда, ол әлдеқашан жаттығып жүретін. Осылай ерте тұрып, дайындалатыны мені қатты таңғалдырды.
Жеңісі, әрине, күтпеген жағдай болды. Көпшілік сияқты мен де Илья Малининнің жеңетініне сенімді едім. Миша бастапқыда күміс не қола жүлдеге үміткерлердің бірі болатын. Бірақ ол таза сырғанап, өз мүмкіндігін жібермеді", - деді Гуменник Sport24 басылымына берген сұхбатында.
Шайдоровтың алтын алуы турнирдің басты сенсацияларының бірі атанды. Сарапшылар оның техникалық дайындығын ғана емес, жарыс кезіндегі салқынқандылығын да ерекше атап өтті.
Жарнама