Бейжің-2022 Қысқы ойындарында шорт-тректен Қазақстан құрамасының атынан шыққан Абзал Әжғалиев 500 метр қашықтықтың финалында жарысқа шықты. Өкінішке қарай, отандасымыз мәре сызығын төртінші болып кесіп, жүлдесіз қалды. Аталмыш дистанцияда Венгрияның атынан сынға түскен Лю Шаоан алтыннан алқа тағынса, ресейлік Константин Ивлеев күміспен күптелді. Ал Канададан келген Стивен Дюбуа қола медальды қанағат тұтты.
Жарыстан кейін Абзал Әжғалиев Олимпада астанасында ақпарат таратып жүрген Vesti.kz тілшісіне жүлденің не себепті бұйырмағанын айтып берді.
"Бейжің Олимпиадасында финалға жету деген мақсат болды. Осының алдындағы маусымда денсаулығыма байланысты біраз жарысқа шыға алмай қалдым. Соның салдарынан Олимпиаданың іріктеу жарыстары қиын болды. Соған қарамастан, Қысқы ойындарға формамды жинап, бүгін қазақ халқын қуантқым келді. Өйткені шорт-трек спортын біздің елімізде көпшілік біле бермейді. Шорт-тректі тек қысқы ойындарда көрсетіп жатқандықтан, жанкүйерлердің басым бөлігі енді ғана осындай спорттың бар екенін біліп жатыр. Мысалы бізде жазғы спорт түрлерін көп көрсетеді. Өз кезегінде біз де шорт-тректен әлем кубоктерінде жақсы нәтижелер көрсетіп жүрміз. Әлемнің ең үздік он құрамасының қатарына кіреміз. Менің арманым – шорт-тректі бәрі танып, қандай спорт екенін білсе екен дедім. Қазақтар қысқы спортпен айналыса алмайды деген стереотипті жойғым келді. Біз де коньки тебе аламыз және әлемдік ареналарда, Олимпиадада үздік командада топ жарамыз деп дәлелдегім келді. Жалпы алғанда дәлелдедім деп ойлаймын. Финалға дейін жеттім. Ширек финал мен жартылай финалда Олимпиаданың чемпиондары жарыстан шығып қалып жатты. Қолымнан келгенше барымды салдым. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысымды айтамын", - деді Әжғалиев.
Еске салайық, Олимпиада тарихында 500 метр дистанцияда қазақстандық шорт-трекші бірінші рет жарысқа қатысты.