Бүгін, ақпан айының 12 жұлдызы Бейжіңде өтіп жатқан Қысқы Олимпиадада қазақстандықтар спорттың үш түрінен – конькимен жүгіру, шаңғы жарысы мен биатлоннан жарыс жолына шықты, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Әйелдер арасында шаңғы эстафетасынан ел намысын Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина және Ирина Быковалар қорғады. Нәтижесінде отандастарымыз 18 команданың арасынан 15-орыннан көрінді. Ресей командасының қыздары мәре сызығын бірінші болып кессе, неміс спортшылары күміс медальмен марапатталды. Ал төрт жылдықтың қола жүлдесі Швеция қыздарына бұйырды. Ресей құрамасының сапындағы Вероника Степанова Олимпиада чемпионы атанған ең жас спортшы болып тарихта қалды.
Биатлонда 10 шақырымдық спринтте Александр Мухин жалпы есепте 49-болып келсе, Владислав Киреев небәрі 77-орында келді. Норвегиялық Йоханнес Бе алдына жан салмаса, француз Кентен Фийон-Майе екінші орын иеленді. Ал Йоханнестің бауыры Тарьей Бе мәре сызығын үшінші болып кесті.
Конькимен 500 метр дистанцияда ерлер арасында Иван Аржанников 30 үміткердің арасынан 28 болып келді. Жарты шақырымдық қашықтықта қытай елінің өкілі Гао Тинъюй Олимпиада рекордын тіркеп, алтыннан алқа тағынды. Күміс жүлде оңтүстік кореялық Чха Мин Гюге бұйырды. Ал қола медальды жапониялық Ватару Морисигэ еншіледі.