АҚШ Қытайда өтетін Қысқы Олимпиадаға дипломатиялық бойкот жариялады

©Twitter Beijing 2022

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки дүйсенбі күні өткен брифингте АҚШ билігінің өкілдері Қытайдағы қысқы Олимпиада ойындарына қатыспайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.

"ҚХР-дың Шыңжаңдағы мұсылман этникалық топтарға қарсы геноцидін және басқа да адам құқықтарының бұзылуын ескеріп, Байден әкімшілігі Бейжіңдегі 2022 жылғы қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дипломатиялық немесе ресми делегация жібермейді", - деді Ақ үйдің өкілі.

Ол дипломатиялық бойкот америкалық спортшылардың Олимпиадаға қатысуына әсер етпейтінін атап өтті.

"АҚШ құрамасының спортшылары біздің қолдауымызда, біз оларды 100 пайыз қолдаймыз, бірақ алдағы ойындардың айналасындағы іс-шараға үлес қоспаймыз", - деді Псаки.

Вашингтондағы Қытай елшілігі бұған жауап берді.

"АҚШ саясаткерлеріне ешқандай шақыру жіберілмеді, сондықтан "дипломатиялық бойкот" жариялай салды. Мұндай әсірешіл әрекет жай ғана саяси манипуляция және Олимпиада рухын бұрмалау болып табылады", - деді елшілік өкілі.

Бұған дейін АҚШ әкімшілігі алдағы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына ресми делегация жібермеуді жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.

Бұған жауап ретінде Қытай билігі америкалық саясаткерлер Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына дипломатиялық бойкот жариялауға шақыруды тоқтатуы керек, әйтпесе Қытай да "қарсы шаралар" қабылдайды деген болатын.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Жаңалықтар
26 сәуір 2022, 06:03
Қысқы Олимпиада
Олимпиада чемпионын оқудан шығаруы мүмкін