Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырханның Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы алғашқы қарсыласы анықталды, деп хабарлайды Vesti.kz.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің 1/8 финалында ол катарлық Мохаммед Дбичимен кездеседі. Дбичи алғашқы жекпе-жегінде вьетнамдық Дык Нгок Нгуенді 5:0 есебімен жеңді.
Сабырхан мен Дбичи арасындағы жекпе-жек 24 қыркүйекте өтеді. Қазақстандық боксшы - 2025 жылғы әлем чемпионы. Сондай-ақ ол 2024 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын жеңіп алған.
Айта кетейік, жазғы Азия ойындары Айти мен Нагояда өтіп жатыр. Бокс жарыстары 21 қыркүйекте басталып, 2 қазанда аяқталады.