Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда өткен Азия ойындары мен Азия пара ойындарының жүлдегерлерін марапаттады.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та қатысты.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық спортшылардың жоғары нәтижелеріне тоқталды.
"Бұл – мемлекетіміз үшін шын мәнінде үлкен жетістік және зор мақтаныш! Баршаңызға жарқын жеңістеріңіз құтты болсын деймін! Сіздер құрлықтың ең мықты спортшылары қатысқан дүбірлі дода кезінде ел намысын қорғап, жүзден жүйрік шықтыңыздар! Ұлттық құраманың табанды еңбегінің арқасында Азиада төрінде рухты Әнұранымыз шырқалды, көк Туымыз биікте желбіреді. Мен әрбір жеңісті нағыз патриотизмнің айқын көрінісі деп санаймын. Тұтас халқымыз сіздерге қолдау көрсетті, жанкүйер болды. Әр спортшының ел қоржынына қосқан медалі азаматтарымызға, әсіресе, өсіп келе жатқан жас буынға үлкен шабыт береді, оларды мықты, күшті болуға үндейді және алға жетелейді. Бүгін осы мерейлі сәтте мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді Президент.
Президент спорт саласы әрдайым мемлекеттің басты назарында тұратынын айтты.
"Былтыр «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға бірқатар маңызды түзету енгізілді. Мемлекеттік деңгейде басымдық берілетін спорт түрлері айқындалды. Соңғы бес жылда елімізде спорт саласын дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жалпы, қазір осындай нақты шаралар өз нәтижесін беріп жатыр деуге болады. Спортшыларымыз жаһандық аренада жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мемлекетіміздің беделін көтеріп жатыр. Осы орайда, параойындарда 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартқан Айсұлу Сүлейменованың қайсарлығын ерекше атап өткен жөн. Айсұлу Сүлейменова қазақтың рухы биік, намысы зор батыр қыздарының жолын лайықты жалғастырып келеді. Ол тағдырдың қиын сынағына тап болса да, тек қана алға ұмтылып, көпке үлгі болып жүр. Қазір Құрылтай депутаты ретінде азаматтық борышын адал атқарып, ел игілігі үшін қызмет етіп келеді. Қазақ «Күш – білекте емес, жүректе» дейді. Расында асқақ арман мен мұқалмас жігер тоғысқан жерде алынбайтын асу жоқ. Сондықтан параспортшылардың бойындағы жанкештілік пен табандылық әрдайым зор құрметке лайық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғаған спортшылардың жетістіктеріне тоқталып өтті.
"Азия ойындарында бақ сынаған белгілі спортшымыз Темірлан Тілеулестің есімі де отандық және әлемдік спорт тарихында қалатыны сөзсіз. Ол таэквондодан ел тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Боксшыларымыз Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанып, ел намысын абыроймен қорғады. Қазақстанның мақтанышы атанған тағы бір спортшымыз – Софья Берульцева. Софья Токио Олимпиадасында каратэден қола жүлде алып, мемлекетіміздің абырой-беделін биіктетті. Ол осыдан төрт жыл бұрынғы Азия ойындарында алтын медаль еншіледі. Енді, міне, Жапония төрінде нағыз спорт шебері екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, Азиаданың екі дүркін чемпионы атанды. Қазақстан тарихында алғаш рет Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанған Алексей Луценко арамызда отыр. Ол Жапонияда өткен Жазғы Азия ойындарында жекелей және топтық веложарыста қос алтын медальді жеңіп алды. Алексей Луценко жылдар бойғы табанды еңбегінің, темірдей тәртібінің және қайсар мінезінің арқасында тамаша табысқа жетті. Параазия ойындарының екі мәрте чемпионы атанған Давид Дегтярев кәсібиліктің, ерліктің әрі жеңіске деген құштарлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Өткен жарыстарда Азияның жаңа рекордын орнатып, жеңіс тұғырына көтерілді. Пауэрлифтер Давид Дегтярев еліміздің және әлемнің ең атақты атлеттерінің бірі – екі Жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, үш дүркін әлем чемпионы. Спортшыларымыз өз жетістіктері арқылы Қазақстанның Туын халықаралық аренада биікте желбіретіп жүр", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінде спорт мемлекеттің жаһандағы абыройы мен беделінің көрсеткіштерінің біріне, қоғамдық дипломатияның құралына айналды.
“Біз спорттың осы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет. Қазақстан спорт державасы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып, елімізде ең жоғары деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырып келеді. 2027 жылы бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорт секілді танымал спорт түрлерінен әлем чемпионатын өткіземіз. Яғни елордада жоғары деңгейде бірқатар дода ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, Қазақстанда жасөспірімдер арасында шорт-тректен әлем біріншілігі ұйымдастырылады. Көктемде Астанада УЕФА-ның 51-ші Конгресі өтеді. Бұл бүкіл әлемдегі кәсіпқой футболшылар мен футболсүйер қауымның қызығушылығын тудырады. Атап өткен жөн, мұндай ауқымды, жұртшылық назарындағы спорттық іс-шараларды ұйымдастыру салалық министрлік пен федерацияның, жалпы Үкімет пен Ұлттық олимпиада комитетінің бірлесе аянбай жұмыс істеуін талап ететіні түсінікті. Өйткені мұнда Қазақстанның абырой-беделі сынға түседі. Бұл жарыстардың бәрі еліміздің имиджін арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды, туризмді, отандық спорт мектебін дамытуға қызмет етеді. Биыл елордамызда Дүниежүзілік допингке қарсы күрес агенттігінің Конгресі (WADA – World Anti-Doping Agency) өтеді. Қазақстан таза, допингсіз спортты ілгерілету, озық халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді енгізу үшін күш салуға әзір. Спорттағы адал бәсекелестік қағидаттары мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының негізіне айналған әділеттілік идеясына толығымен сай келеді", – деді Мемлекет басшысы.
Президент кез келген жеңісті жылдар бойғы дайындық пен үздіксіз еңбектің нәтижесі деп атады.
"Еліміз үшін әр медальдің орны бөлек, құндылығы жоғары. Мен осы жерде отырған спортшыларға алғыс айтамын. Чемпион болу спортшыға зор жауапкершілік жүктейді. Жеңіс тұғырына шыққан әр спортшының жолы – кәсіби спортқа бет бұрған жастар үшін үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Жалпы, спорт дегеніміз – халықтың сана-сезіміне ықпал ететін, кез келген адамның ойын да, бойын да түзейтін өте мықты күш. Бұл – өмірдің ақиқаты. Спорт өскелең ұрпақты әдептілікке, тазалыққа, адалдыққа, ұқыптылыққа баулиды. Жастарымыз жігерлі, ұлтымыз рухты болса, мемлекетіміз де қуатты болады".
Мемлекет басшысы қоғам болып орнықтырып жатқан жаңа этиканы, ең алдымен, ел алдында жүрген азаматтар, соның ішінде спортшылар дәріптеуге тиіс екенін айтты.
"Сіздер бұл маңызды миссияны абыроймен орындап келесіздер. Бүгінде қазақ спортының мәртебесі биік, әлеуеті мол. Сондықтан біз бұдан да жоғары көрсеткіштерге ұмтылуымыз керек. Алда төрт жылдық кезеңнің бас додасы – Лос-Анджелес Олимпиадасы келе жатыр. Жаһандық жарысқа спортшылармен қатар, тиісті министрлік пен федерациялар қазірден бастап тыңғылықты және белсенді дайындалуы керек", – деді Президент.
Сөз соңында Президент XX жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен бірқатар спортшыға мемлекеттік марапаттар тапсырды.
Атап айтқанда, Софья Берульцева (каратэ) «Парасат» орденімен марапатталды.
Ал Алексей Луценко (велоспорт), Кирилл Проходов (семсерлесу), Ерлік Сертай (семсерлесу), Иван Чернухин (академиялық ескек есу) және Владислав Яковлев (академиялық ескек есу) «Құрмет» орденімен марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен Жоламан Биғабыл (каратэ), Еркінғали Бүркіталин (аралас жекпе-жек), Наиль Ермұханбет (паравелоспорт), Анастасия Калаус (паравелоспорт), Диас Кенжебек (паражүзу), Бексұлтан Құлмырза (парадзюдо), Ибрагим Нұрмаханұлы (парадзюдо), Ақтолқын Сейілбекова (парадзюдо), Рината Сұлтанова (велоспорт), Ясмина Тоқсанбаева (жеңіл атлетика), Тамирлан Тілеулес (таеквондо), Вадим Шарлаимов (семсерлесу) және Қадырбек Шынбаев (аралас жекпе-жек) марапатталды.
Жарнама