Аралас жекпе-жекте өнер көрсететін қазақстандық спортшы Жалғас Жұмағұлов (14-5) өзін жақсы жағынан көрсете алды. Мұндай пікірді Vesti.kz порталына берген сұхбатына allaccessmma.com тілшісі Роб Бартл айтты. Маман Джером Ривейраны (10-6) жеңген отандасымыз жаңа қырынан көрінгенін де айтты.
"Жұмағұловтың потенциалы бар. Бірақ бұған дейін қарсыластың деңгейі, уайымы және басқа факторлар өзін көрсетуге кедергі болды. Ал Ривейраға қарсы айқаста ол өзін толық көрсетті. Ол сирек жасалатын әдіспен қарсыласын тоқтата білді. Иә, қарсылас аса мықты емес. Дегенмен оны осал деуге де келмейді.
Жалғас UFC ұйымындағы өз жағдайын жақсарта білді. Енді психологиялық тұрғыдан оған оңай болады деп ойлаймын. Оған жеңіс керек болды. Бұл жеңістен кейін енді ол промоушендегі болашағын уайымдамайды", - деді Бартл.
Еске салайық, Жұмағұлов Лас-Вегас (Невада штаты, АҚШ) қаласында UFC 264 турнирінде өнер көрсетіп, қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңді.