USA Today Sports порталының тілшісі Нолан Кинг Шавкат Рахмоновты (13-0) UFC ұйымындағы жартылай орта салмақтың болашақ жұлдызы деді. Ол Vesti.kz порталы берген сұқбатында қазақстандық спортшының бразилиялық Мишель Празереспен (26-3) жекпе-жегі туралы ой бөлісіп, ұйымдағы ең танымал спортшы Хабиб Нурмагомедовпен деңгейі бірдей екенін айтты.
"Рахмонов - әмбебап әрі қарапайым спортшы. Оны көпшілік Хабибпен салыстырып жатады. Бірақ менің ойымша, қазақстандық Нурмагомедовтен асып кетті. Ол тәжірибелі екі қарсыласқа қарсы кездесу өткізіп, екеуін де мерзімінен бұрын жеңді. Хабиб болса екінші кездесуінде төрешілердің шешімі бойынша жеңген еді.
Шавкат - үлкен жетістікке жетеді деп ойлаймын. Жақында ол осы салмақтың мықты спортшыларына қарсы кездесу өткізеді. Екі кездесуден кейін ғана Рахмонов жанкүйердің назарын өзіне аударды. Көрермен енді оның мықты спортшыларға қарсы шыққанын қалайды. Менің ойымша, ол промоушеннің жаңа жұлдызы", - деді Кинг.
Еске салайық, Рахмонов промоушенде екінші кездесуін өткізді. Ол айқас Лас-Вегас қаласында UFC Vegas 30 турнирінде өтті. Қазақстандық екінші раундта Празересті қылқындыру әдісімен жеңді.
Ал Хабиб Нурмагомедов болса UFC ұйымының жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы. Ресейлік 2020 жылы Джастин Гэтжиді жеңгеннен кейін карьерасын аяқтайтынын айтты. Жалпы ол аралас жекпе-жекте 29 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.