UFC
17 маусым 2021 21:55

Хабиб Нурмагомедов UFC ұйымында қазақстандық спортшы қашан чемпион болатынын айтты

Сурет: UFC

Жұма, 18 маусым күні "Алматы Арена" спорт кешенінде аралас жекпе-жектен Eagle Fighting Champiomship лигасының EFC 37 турнирі өтеді. Осы жарыс алдында промоушеннің иегері Хабиб Нурмагомедов Vesti.kz порталының тілшісіне сұхбат берді. Әңгіме барысында ол UFC ұйымында өнер көрсететін қазақстандықтар туралы айтты. 

- Бізді Қазақстанда жақсы күтіп алды. Біраз жерге барып, жақсы демалдық. Ертеңгі болатын турнирге барлықтарыңызды шақырамын, - деп бастады Хабиб әңгімесін. 

- EFC турнирі Қазақстанда тұрақты түрде өткізілетін бола ма?

- Жылына бір рет. Қазіргі жоспар осындай. Бірақ биыл жыл соңында тағы біреуі болатын шығар. Оны кейін көре жатармыз. 

- Қазақстандық спортшылар UFC ұйымында қашан чемпион болады деп ойлайсыз?

- Шавкат Рахмоновта UFC ұйымында бар болғаны бір ғана кездесу. Бірақ сіздердің елдеріңізде аралас жекпе-жекте мықты спортшылар көп. Дегенмен, Қазақстанның аралас жекпе-жегі Ресейден бес-алты жыл қалып келеді. Иә, қазір Ресейде UFC чемпионы жоқ. Десе де чемпиондық атаққа жақын жігіттер бар. Ал сіздерге әлі біраз жұмыс істеу керек. Менің ойымша, жеті не сегіз жылдан кейін сіздерден чемпион шығады. Әрине, ол үшін аралас жекпе-жекті дамыту керек. 

- EFC турнирін қазақстандық промоушендердің бірімен бірігіп өткізуге ниет жоқ па?

- Қазір ондай ой жоқ. Өткен жылы Fight Nights ұйымымен бірігіп өткіздік. Биыл бірігіп өткізу жоспарымызда жоқ. 

- Бұл турнирде қазақстандық спортшыларды қалай бағалайсыз?

- Менің білуімше, қазақстаннан ертең Жасұлан (Әкімжан) шығады. Басқалары туралы білмеймін. Кейбіреуі жарақат алып қалды. Жалпы қазақ спортшыларының мүмкіндігі жаман емес. Мүмкін чемпион да шығып қалар.

- Сізге Алматы ұнай ма?

- Әрине! Мұнда ұшып келгенде жақсы күтіп алды. Тамақтары да жақсы. Жергілікті жігіттермен қарым-қатынасым жақсы. Алматы Дағыстанға ұқсайды. Бізде де таулар көп. 

- Мұнда сіздің үйіңіз бар ма?

- Үй? Пәтерім және кәсібім бар. Біреудің ақшасын санама!