Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан WTA Astana Open турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Vesti.kz порталы.
Турнирдің жартылай финалында ол швециялық Ребекка Петерсонмен кездесіп, 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Кездесу 1 сағат 46 минут болды. Ойын барысында Путинцева бір эйс жасап, екі рет допты ойынға қосу кезінде қателесті. Ал Петерсон болса төрт мәрте допты ойынға қосу сәтінде қателікке бой алдырып, бір эйс істеді.
Енді ертең, 2 қазан күні өтетін финалдық матчта Путинцева румын қызы Жаклин Кристианды 6:3, 6:3 есебімен жеңген бельгиялық Алисон ван Уйтванкпен кездеседі.