Испанияның Кордова қаласында өтіп жатқан Davis Cup Juniors Finals турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы ширек финалға бір қадам жетпей тоқтады.
D тобында соңғы ойында қазақстандықтар жасөспірімдер арасында командалық әлем чемпионатының алты дүркін чемпионы Испания командасына жол берді.
Бірінші ойында Заңғар Нұрланұлы Андрес Сантамарта Роигтен (№ 225) ұтылды – 5:7, 3:6.
Есесіне Әмір Омарханов Серхио Планелья Эрнандесті (№175) 6:4, 6:2 есебімен тізе бүктіріп, таразы басын теңестірді. Осы әлем біріншілігінде Әмір бірде-бір бәсекеде жеңілген жоқ, үшеуінде де қарсыластарынан басым түсті.
Соңғы жұптық сында испаниялықтар супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 2:6, 6:4, 10:5.
Осылайша, Қазақстан құрамасы мықты командалар жиналған топта үшінші орын алды. Бұл 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін Қазақстан тарихындағы алғашқы әлем чемпионаты болғанына қарамастан, қазақстандықтар лайықты өнер көрсетті.