Алан Құрманғалиев үстел теннисінен Тунисте өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды, деп жазады Спортты дамыту дирекциясының ресми сайты.
Қазақстандық спортшы 15 жасқа дейінгі аралас жұптық сында мысырлық Хана Годамен бірлесіп, финалда Тьяго Абиодана мен Мария Берзосты (Португалия/Испания) сенімді ұтты. Есеп: 3:0.
Айта кетейік, Алан мен Хана жартылай финалдағы тартысты ойында жапониялық – Такуми Танимото мен Рин Мендені жеңді. Есеп: 3-2.
Аланның жеңісін тарихи нәтиже деп бағалауға болады. Ол үстел теннисінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық. Аланның бапкері – Эльмира Əлиева, Хананікі – Исмаил Хишам. Жастар арасындағы әлем чемпионаты 11 желтоқсанда аяқталады.