Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (WTA №2) АҚШ-тың Майами қаласында өтіп жатқан WTA-1000 санатындағы турнирдің жартылай финалында Беларусь теннисшісі Арина Соболенкомен кездеседі, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ширек финалда әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко америкалық Хейли Баптистті (WTA №45) 6:4, 6:4 есебімен жеңді. Кездесу 1 сағат 19 минутқа созылды.
Ал Елена Рыбакина ширек финалда тағы бір америкалық теннисші Джессика Пегуланы жарыс жолынан шығарды.
Рыбакина мен Соболенко арасындағы жартылай финалдық матч 27 наурыз күні Қазақстан уақытымен таңғы сағат 05:30 шамасында басталады.
Екінші жартылай финалда америкалық Кори Гауфф (WTA №4) пен чехиялық Каролина Мухова (WTA №14) өзара мықтыны анықтайды.
Miami Open турнирі 28 наурызға дейін жалғасады. Жалпы жүлде қоры 18 831 450 долларды (шамамен 9,08 млрд теңге) құрайды. Жекелей сында жеңімпаздар 1 151 380 доллардан (555 млн теңгеден астам) сыйақы алады.
Аталған жарыстың қазіргі чемпионы – Арина Соболенко.
Еске салайық, соңғы кездесулерде Рыбакина мен Соболенко финалдарда жолыққан. 2026 жылғы Australian Open және 2025 жылғы WTA Finals турнирлерінде жеңісті қазақстандық теннисші иеленген.
Ал жуырда өткен Индиан-Уэллс қаласындағы WTA 1000 турнирінің финалында Арина Соболенко Елена Рыбакинадан 3:6, 6:3, 7:6(6) есебімен басым түсті.
Екі теннисші барлығы 16 рет кездескен. 9:7 басымдығымен Арина алда келеді.