Ерлер арасында Қазақстан атынан қатысып жатқан үш отандасымыз Australian Open турнирінің негізгі бөлігіне жолдама берілетін финалға шықты, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Олардың арасында 20 жастағы Тимофей Скатов аустралиялық Дэйн Суиниді 6:4, 6:2 есебімен жеңсе, тәжірибелі Михаил Кукушкин Нидерландыдан келген Робин Хаасты 7:5, 7:6 (2) нәтижесімен басым түсіп, үйіне қайтарды. Енді Кукушкин жарыстың негізгі айналымына жолдама берілетін матчта америкалық Эрнесто Эскобедомен кортта өзара мықтыны анықтайды. Жерлесіміз жеңіске жеткен жағдайда Мельбурндағы "Үлкен Дулыға" турнирінде қатарынан он екінші рет ойнамақ.
Ал Дмитрий Попко болса жергілікті Филип Секуличті 6:4, 6:2 есебімен оңай ұта салды. Енді Попко аустралиялық Макс Перселл мен чех Иржи Лехечка жұбының жеңімпазымен кездеседі.