Қазақстандық теннисшілер әлем чемпионатының ширек финалында

©ktf

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Простеев қаласында (Чехия) 14 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан командалық әлем чемпионатының (2022 ITF World Junior Tennis Finals) ширек финалына шықты, деп жазады Vesti.kz тілшісі ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жарыстың үшінші күні қазақстандық жасөспірімдер айды аспанға шығарып, әлем чемпионы – Италия құрамасын тізе бүктірді. Кортқа кеше Аргентина құрамасымен сәтті ойнаған Даниэль Тазабеков алғашқы болып шығып, Сальваторе Тартальонемен шеберлік байқасты. Бірінші партияда Даниэль қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Екінші сетте бесінші геймде брейк жасап, сол басымдылығынан айрылмады – 6:3. Заңғар Нұрланұлы мен Антонио Марильяно аса тартысты бәсеке өткізді. Бірінші партияда италиялық спортшы басымдылық танытты – 6:4. Екіншісінде де ол 3:1 есебімен алға кетті. Дегенмен Заңғар таразы басын теңестіріп қана қоймай, сетті өз пайдасына жазды – 6:4. Үшінші, шешуші партияда сегізінші геймде қазақстандық теннисші брейк жасай алды – 5:3. Содан кейін өзі доп бергенде, нүкте қоя білді – 6:3.

Осылайша, әлем чемпиондарын ұтқан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өз тарихында алғаш рет дүниежүзілік доданың ширек финалына шығып, үздік сегіз команданың қатарына енді. Енді жас спортшыларымыз Словения теннисшілерімен кездеседі.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки: