Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Штутгарт (Германия) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.
Недовесов пәкістандық Айсам Курешимен бірге бастапқы кездесуін жарыстың екінші ракеткалары, аустралиялық Джон Пирс – словакиялық Филипп Полашекпен өткізді. Қазақстандық-пәкістандық жұп 7:6 (7:2), 6:4 есебімен жеңіске жетті. Олар 1 сағат 20 минутқа созылған матч барысында 9 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Д.Пирс 2017 жылы жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанса, Ф.Полашек өткен жылы дәл осы "Үлкен дулыға" жарысында озып шыққан еді.
А.Недовесов пен А.Куреши жүлде қоры 770 мың еуроға жуықтайтын доданың жартылай финалына шығу үшін канадалық Денис Шаповалов – үндістандық Рохан Бопаннамен кездеседі.