Бүгін Шотландияның Глазго қаласында әйелдер арасында теннистен әлем чемпионаты саналатын Билли Джин Кинг Кубогының финалы басталады, деп жазады Vesti.kz тілшісі Спортты дамыту дирекциясының ресми сайтына сілтеме жасап.
С тобына түскен Қазақстан бүгін елорда уақытымен сағат 22:00-ден кейін бәсеке қожайыны Ұлыбританиямен шеберлік байқасады.
Ұлттық құрама сапында биылғы Уимблдонның жеңімпазы Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Анна Данилина мен Жібек Құламбаева кортқа шығады. Біздің құраманың капитаны – Ярослава Шведова. Қазір Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева жекелей сындағы WTA рейтингінде үздік 50 теннисшінің қатарына кіреді. Ал Анна Данилина жұптар рейтингінде 21, Жібек Құламбаева 189-сатыда тұр.
Ал Ұлыбритания қатарында Харриет Дарт, Кэти Боултер, Хизер Уотсон, Алисия Барнетт пен Оливия Николлс бар.
2019 жылғы ойын әлі есте.
Екі құрама арасындағы осыған дейінгі ойын 2019 жылы Лондондағы "Коппер бокс" аренада өтіп, ағылшындардың сенімді жеңісімен аяқталған (3-1).
Бәсекенің форматы қандай?
Ақтық кезеңдегі 4 топта 3 құрамадан бар. Әр қайсы бір-бірімен топта ойнап шығады. Жартылай финалға (12 қарашада) әр топтан тек бір ел жолдама алады. Екі құрама арасындағы дуэль 3 ойынға созылады. Оның екеуі жекелей матч. Егер есеп тең болса, жұптар арасында кездесуде жеңімпаз анықталады.
Айта кетейік, Қазақстан сәуірде өткен іріктеу кезеңіндегі 7 жеңімпаздың бірі. Біздің құрама Астанада Германияны (3-1) жеңіп, алғаш рет финалдық кезеңге шыққан-ды. Осы текетіресте еліміздің 1-ракеткасы Елена Рыбакина әуелі Лаура Зигмундты, сосын Үлкен Дулыға турнирінде 3 мәрте топ жарған Анжелика Керберді ұтты. Жалпы Елена жекелей сында Билли Джин Кинг Кубогында 3 рет ойнап, бәрінде басым түскен. Бүгін сол сәтті сериясын жалғастырады деп сенеміз.
Топтағы 2 ойында біздің теннисшілер ертең (кем дегенде Астана уақытымен 22:00-ден соң) Испаниямен кездеседі. Олардың құрамы: Паула Бадоса, Нурия Парризас Диас, Кристина Бучша, Ребека Масарова, Алена Болсова. Қазақстан құрамасының ойындарын Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.