Қазақстандық теннисші, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Майамиде өтіп жатқан WTA-1000 сериясындағы турнирді жалғастырады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ширек финалда Елена камбэк жасады. Америкалық теннисші Джессика Пегулаға (№5 WTA) қарсы ойында жеңіліп тұрып, жігерлі жеңіске қол жеткізді. Бірінші сетте 2:6 есебімен ұтылып шыққан болатын. Кейінгі екі сетте 6:3 және 6:4 есебімен айқын жеңіске жетті.
Жартылай финалда Елена Рыбакина Хейли Баптист (WTA №45, АҚШ) пен Арина Соболенко (WTA №1, Беларусь) жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Турнирдің бастапқы кезеңінде қазақстандық теннисші үш қарсыласын сенімді түрде жеңді: алдымен отандасы Юлия Путинцевадан (WTA №75) басым түсті, кейін украиналық Марта Костюкты (WTA №28) ұтты, ал одан соң аустралиялық Талия Гибсоннан (WTA №68) айласын асырған болатын.
Miami Open турнирі 28 наурызға дейін жалғасады. Жалпы жүлде қоры 18 831 450 долларды (шамамен 9,08 млрд теңге) құрайды. Жекелей сында жеңіске жеткен теннисшілер 1 151 380 доллардан (555 млн теңгеден астам) сыйақы алады.
Аталған жарыстың қазіргі чемпионы – әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко.
Жарнама