Қазақстандық 21 жастағы теннисші Арсланбек Айтқұлов допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін төрт жылға жарыстардан шеттелді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Теннистегі адалдықты қамтамасыз етудің халықаралық агенттігінің (ITIA) мәліметінше, спортшының 2024 жылдың қаңтар айында Дохада өткен ITF Әлемдік турнирі кезінде алынған сынамаларынан тыйым салынған LGD-4033 және "Метилгексанамин" заттары анықталған.
"Тәуелсіз трибунал Айтқұлов тыйым салынған заттың оның допинг сынамасынан кездейсоқ табылғанын дәлелдеу міндетін орындамағанын анықтады", - делінген ITIA мәлімдемесінде.
Айткұловқа антидопинг ережесін бұзғаны туралы хабарлама 2024 жылдың наурыз айында берілген. Сараптама нәтижелерінен кейін ол уақытша жарыстардан шеттелген болатын.
2025 жылдың 30 маусымында онлайн форматта тыңдалым өтті. Оның қорытындысы бойынша тәуелсіз трибунал Айтқұловты төрт жылға дисквалификациялау туралы шешім шығарды. Ережеге сәйкес, спортшының допинг сынамасы алынған жарыстан бастап барлық нәтижелері, жүлдеақылары мен рейтингтік ұпайлары күшін жояды.
"Допингке оң нәтиже көрсетілген турнирден бастап, уақытша шеттету күніне дейінгі барлық турнирлердегі нәтижелер, жүлдеақылар мен рейтингтік ұпайлар жойылады", - деп нақтылады ITIA.
Уақытша шеттету мерзімі жалпы дисквалификация уақытына есептелді. Осылайша, жазалау мерзімі 2024 жылдың 23 наурызынан 2028 жылдың 22 наурызына дейін жалғасады. Бұл аралықта спортшыға ATP, ITF, WTA, Tennis Australia, FFT, Wimbledon, USTA және ұлттық федерациялар аясындағы кез келген турнирге қатысуға, жаттықтыруға немесе жарыстарға баруға тыйым салынады.
Айта кетейік, Арсланбек Айтқұлов 2023 жылдың қараша айында жекелей сында ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, әлемдік рейтингте 1250-орынға көтерілген еді.
Жарнама