Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (№6) Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтіп жатқан WTA маусымдық финалдық турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Серена Уильямс тобының алғашқы матчында Рыбакина америкалық Аманда Анисимовамен (№4) кездесті. Кездесу қазақстандық теннисшінің айқын жеңісімен аяқталды — 6:3, 6:1.
Ойын небәрі 56 минутқа созылды. Рыбакина бес эйс орындап (Анисимовада – екі), бір қос қате жіберді (америкалықта – үш) және төрт брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды (Анисимова бірде-біреуін жүзеге асыра алмады).
Келесі ойында Рыбакина поляк теннисшісі Ига Швёнтекпен (№2) кездеседі. Бұл матч 3 қараша, дүйсенбі күні өтеді.
Топтық кезеңнің соңғы кездесуінде ол тағы бір америкалық спортшы — Мэдисон Кизбен (№7) күш сынасады.
Айта кетейік, топтың басқа матчында Швёнтек Кизді 6:1, 6:2 есебімен ойсырата жеңді.
Жарнама